Щучинск қаласының Институт шағын ауданы қазандықтағы апат салдарынан жылусыз қалды, деп жазады qandastar.kz сайты Бурабай ауданының әкімдігіне сілтеме жасап.
Апатқа байланысты коммуналдық қызметтер жылу беруді уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Соның салдарынан бірнеше тұрғын үй жылусыз қалып, тұрғындар қақаған суыққа тап болды.
Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға үндеу жасап, болған жағдайға байланысты кешірім сұрады.
№20 қызметтік қазандықта апатты жағдай орын алды. Соған байланысты Институт шағын ауданына жылу беру уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта барлық күш пен ресурстар апатты жоюға бағытталды, – деді аудан әкімі.
Апатты жою жұмыстары үздіксіз, күшейтілген режимде жүргізілді. Жөндеу барысы учаскенің техникалық ерекшеліктері мен түнгі уақытқа байланысты күрделене түскен. Кейін әкімдік №20 қазандықтың іске қосылғанын және жылу беру қайта қалпына келтірілгенін мәлімдеді.
Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта мамандар көпқабатты үйлер мен жеке тұрғын үйлердегі жүйеден ауаны шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Синоптиктердің дерегінше, апат орын алған түні Щучинск қаласында ауа температурасы -29… -30 градусқа дейін төмендеген.



