Ғалым, дінтанушы Айнұр Әбдірасілқызының журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаты желіде қызу талқыға ұшырады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Дінтанушы өз сұхбатында қазақта хиджаб болмағанын, алайда орамал тағу – парыз, амал екендігін айтады.
Дегенмен айтуынша, иман тек онымен шектелмейді.
«Орамал сіздің нақты кім екеніңізді білдірмейді. Оның парыз, амал екенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ парызды орындаудың өзінің жолдары, жөні бар. Оны ешкім жоққа шығармайды. «Бірақ тек қана иман соған байлаулы, орамалды шешкенде, иман сыпырылып түсіп қалады» деп ешкім айтпайды. Орамалды таққанда, адам күшті иманды болып кетеді деп те ешкім айтпайды. Тақсаң, нұр үстіне – нұр. Таға алмасаң, онда оның да өзі жөні бар. Хиджаб кию туралы менде ешқашан ой болған жоқ. Өйткені қазақта хиджаб жоқ. Мен өзіміздің шараларымызда, жаңа курстарымызда, эфирлерімізде мен үнемі орамалмен отырамын өйткені ол жерде діни мәтін оқылады, дін туралы әңгіме айтылады», — деді ол.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.
Бірі қолдап жатса, келіспейтіндер де табылды.
«Қазақта хиджаб болмаған деп қазақтың тарихына қиянат жасамаңдар», «Қазақта жоқ болса, Құранда бар ол ақиқат», «Мықты білімді Айнұр ханым, бүге шігесіне дейін түсіндіріп, жетесіне жеткізіп, қиындатпай айтады», «Қазаққа хиджабты неге тықпалай береді?» сынды пікірлер жазылып жатыр.



