Үкімет экономиканы және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты салықтық әкімшілендіруді түзету туралы шешім қабылдады, деп жазады qandastar.kz сайты Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
2025 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған шешімге сәйкес, микро және шағын бизнес субъектілерін тарату және олардың қызметін тоқтату қағидаларын, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан және 2026 жылғы 1 сәуірге дейін өтелген салық берешектері болған жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару тәртібін бекіту көзделіп отыр. Бұл қатарға қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеу есебіне уақтылы қойылмағаны үшін салынған айыппұлдар да енгізілген.
Аталған қағидалардың жобалары 2026 жылғы 12 қаңтарда «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжаттардың күшіне енуі 2026 жылғы ақпан айының басына жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Үкімет тарапынан бірқатар қосымша ұйымдастырушылық және жедел шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін ұсынылған және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін есептелген салықтық міндеттемелер бойынша берілген есептілікке қатысты камералдық бақылау жүргізілмейді. Бұл шешім 2025 жылдың екінші жартыжылдығы мен төртінші тоқсаны үшін декларацияларды салықтық міндеттемелерсіз тапсыру тәуекелдерін азайту мақсатында қабылданған.
Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін жоспарлы салықтық тексерулер тоқтатылады. Дегенмен, қылмыстық-процестік заңнамаға, прокуратура органдарының актілеріне, қарсы тексерістерге, сондай-ақ салық төлеушілердің өтініштері негізінде тағайындалған тексерістер бұл шектеуге кірмейді.
Бұдан бөлек, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған мәмілелер мен тіркеу әрекеттерін жарамсыз деп тану туралы сот талап-арыздарын беру тоқтатылады. Бұл ретте құқық қорғау органдарының материалдары негізінде қозғалған істер аталған шектеуге жатпайды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша іс қозғау да тоқтатылады. Атап айтқанда, ҚҚС бойынша тіркеуге уақтылы тұрмағаны, тіркеусіз кезеңдегі айналымдар және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін есептілікті тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылмайды.
Қабылданған шаралар «таза парақ» қағидатын іске асыруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – әкімшілік және фискалдық жүктемені азайту, микро және шағын бизнесті қолдау, сондай-ақ кәсіпкерлердің жүргізіліп жатқан салықтық және институционалдық реформаларға бейімделуіне жағдай жасау.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, Қаржы министрлігі 2026 жыл бойы микро және шағын бизнес субъектілеріне өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемеу мәселесін қосымша пысықтап жатыр. Бұл қадам Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерге бизнестің бірқалыпты бейімделуін қамтамасыз етуге бағытталған.



