Опера әншісі Зарина Алтынбаева әлеуметтік желіде КСРО халық әртісі, аңызға айналған «қазақтың бұлбұлы» Бибігүл Төлегеновамен бірге түскен әсерлі видеоны жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бейнежазбада өнер иелері жайлы үй жағдайында, жайылған дастархан басында ана туралы жүрекке жетерлік әнді бірге орындайды. Көп ұзамай бұл видео желі қолданушыларының көңілін толқытып, кеңінен тарады.
«96 жасында да аңызға айналған опера дивамыздың дауысы қандай керемет естіледі! Тыңдаңыздар!» – деп жазды Зарина Алтынбаева жазба астында.
Желі қолданушылары қос өнерпаздың дуэтіне жоғары баға беріп, Бибігүл Төлегеноваға зор денсаулық тілеп, Зарина Алтынбаеваға шығармашылық табыс тіледі.
«Барлық аналар жүз жасасын», «Дауысы қандай әдемі», «Осындай әсерлі видео үшін рахмет», «Тамаша дуэт», «Аңыздар», «Браво», «Екі дива» – деп жазды пікір қалдырушылар.



