Әлеуметтік желіде қызу талқыланған жағдайға байланысты танымал виолончелші Бағжан Октябрь пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Қазіргі уақытта Меккеде қажылық сапарда жүрген өнер иесі TikTok желісінде көңілді клубтық әуенге түсірілген бейнежазба жариялаған. Алайда бұл әрекет желі қолданушыларының наразылығын тудырып, көпшіліктің сынына ұшырады.
Осы жайтқа байланысты музыкант Threads парақшасында түсініктеме берді.
«Threads-та бір сәтте жауыз болып шыға келіппін… Егер біреудің көңіліне тиген болсам, кешірім сұраймын. Алда тағы екі күнім бар. Телефонымды чемоданға салып, өзіммен оңаша қалып, дұға жасап жалғастырғым келеді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ өнерпаз бұл жағдайды өмірлік сынақ ретінде қабылдайтынын жеткізді.
«Еш жаман ойсыз, күнде қолданатын TikTok дыбысына видео салған едім. Ұйқыдан оянып қарасам, желіде үлкен шу басталып кетіпті. Бір сәтте күнәһар, тәкаппар, жауыз атанып шыға келдім. Иә, мүмкін қателескен шығармын – оны мойындаймын. Егер солай болса, жауапкершілігін өз мойныма аламын. Өмірімде ешкімге қиянат жасаған емеспін, тіпті жәндікке де зияным тимеген. Мұның бәрін сынақ деп қабылдаймын. Осындай сәттерде адам шыңдалады», – деп жазды Бағжан Октябрь.



