Жаңалықтар

МӘМС қорынан 80 млн теңге жымқырған жекеменшік емхананың басшысына қатысты сот үкімі шықты

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) қаражатын жымқыру дерегі бойынша жекеменшік клиника директоры сотталды. Енді ол өмірінің алдағы бес жылын түзету мекемесінде өткізеді, деп жазады qandastar.kz сайты Kozachkov offside Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Жақында Үкіметтің жұмыс істейтін азаматтардың аударымдары түсетін МӘМС қорының қызметіне арналған шұғыл кеңес өтті. Сол жиында қаржының бір бөлігі жымқырылғаны белгілі болды. Тергеу барысында бұл қаражаттың жекеменшік медициналық мекемелер арқылы жалған есептер жасау жолымен алынғаны анықталған.

Мұндай схемалар бұрыннан бар екені айтылды. Мәселен, 2023 жылы жүргізілген тексеріс кезінде жекеменшік клиниканың жалған тіркелген азаматтар арқылы шамамен 80 миллион теңге көлемінде заңсыз табыс тапқаны әшкереленген.

Тергеу дерегінше, клиника иесі Дархан Нұрлибеков өз мекемесіне 16 мыңға жуық адамды заңсыз тіркеген. Оған Астанада қаласындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы филиалының қызметкері Еркебұлан Абдрахманов көмектескен. Олар астаналық тұрғындарды, тіпті, қаладан және елден көшіп кеткен адамдарды ескертпестен құжаттарды өздері рәсімдеген.

Кейін бұл азаматтар дәрігер қабылдауына барған болып көрсетіліп, іс жүзінде болмаған медициналық қызметтер үшін МӘМС қаражаты есебінен төлем алынған. Тізімде жетім балалар да болған. Осылайша, клиника 30 мыңға жуық «қызмет» көрсеткені үшін ақы алып, емхананың шотына қордан жалпы 79 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.

Мемлекеттік органдар тексеріс жүргізгеннен кейін МӘМС қоры артық төленген соманы өндіріп алу үшін сотқа азаматтық талап арыз беріп, құқық қорғау органдарына жүгінген. Сөйтіп, қылмыстық іс емхананың басшысы Нұрлибековке де, оның сыбайласы Абдрахмановқа да қозғалды.

Сот екеуін де алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Дархан Нұрлибеков 5 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Еркебұлан Абдрахманов 2 жыл 4 айға орташа қауіпсіздік колониясына кесілді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button