Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметші Марат Барқұловтың қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс кассациялық соттың шешімімен түпкілікті аяқталды, деп жазады qandastar.kz сайты kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Адвокат Азамат Сағалдың мәліметінше, сотталған бұрынғы командир Дамир Досовтың кассациялық шағымы қанағаттандырылмаған. Бұған дейін шығарылған үкім өзгеріссіз қалдырылған, деп жазады Lada.kz.
Қазақстан Республикасының қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотының отырысы 27 қаңтарда өтті. Сот алдыңғы инстанциялар қабылдаған шешімдерді қайта қарауға негіз таппаған.
Оқиға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған. Сағат 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтенанты 9 мм калибрлі тапаншадан оқ атқан. Оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. Сағат 17:40 шамасында ол көз жұмған.
Сот үкімімен Дамир Досов Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (қасақана адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылған.
Кассациялық сот шешімімен бұл үкім заңды күшіне енді.
Біз бұған дейін Ақтаудағы взвод командирі «Оймаша» полигонының аумағында ПМ табельдік тапаншасынан қатардағы жауынгерге оқ атқаны туралы жазған болатынбыз.



