Қазақстанның Халық әртісі, танымал әнші Мақпал Жүнісова өзіне белгісіз адамның тарапынан қысым көріп жатқанын айтты.
Өнер иесінің айтуынша, әлдекім Астанада тұратын әпкесіне хабарлама жолдап, түрлі талап қойған, деп жазады qandastar.kz.
Жіберілген хатта әншінің үш жылдан бері үйіндегі газ үшін төлем жасамағаны жазылған. Хабарлама авторы өзін газ мекемесінің қызметкері ретінде таныстырып, қарыз өтелмеген жағдайда көгілдір отын өшірілетінін ескерткен.
Хатта: «Мақпал Жүнісоваға жеткізіңіздер, оның үш жылдық қарызы бар. Қызына бірнеше мәрте ескертілді, бірақ ол бізді бұғаттап тастаған. Бүгін төлем болмаса, ертең газды өшіреміз. Бұл – соңғы ескерту», – деп көрсетілген.
Алайда әнші бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтып, ешқашан берешегі болмағанын жеткізді.
«Мені кім осылай қорқытып жүр? Мен ешқашан қарызға батпаған адаммын. Астанадағы әпкеме дейін хабарласқан», – деді Мақпал Жүнісова.



