Алматы қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық көлікте қалта ұрлығын жасаған деген күдікпен әйелді ұстады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында күдіктінің таңертеңгі уақытта маршруттық автобустың салонында жолаушының сөмкесіне еркін қолжетімділікті пайдаланып, жасырын түрде ұлттық және шетел валютасындағы ақшалай қаражатты, сондай-ақ алтын бұйымдарды ұрлағаны анықталды.
Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 4,1 миллион теңгеден асты.
«Жедел-тергеу іс-шаралары барысында күдіктінің қылмысқа қатыстылығы толық дәлелденді. Тінту кезінде ұрлық фактісін растайтын заттай дәлелдемелер, оның ішінде ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленді. Сонымен қатар күдіктінің кінәсі қоғамдық көлік салонында орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларымен де дәлелденіп отыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда», — деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Полиция азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға, қоғамдық көлікте жүргенде жеке мүлкіне аса мұқият болуға шақырады.



