Алматы қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған оқушы қыз қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы тұрақты, дәрігерлер оң динамика барын айтып отыр. Бұл туралы қаладағы балалар омбудсмені Диана Ерлан мәлімдеді, деп жазады Qandаstar.kz порталы Іnformburo.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл оқушының әкесімен тұрақты байланыста екенін, отбасына психологиялық көмек ұсынылғанын хабарлады. Қазіргі таңда Алматы қаласының Білім басқармасы аталған оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп жатыр.
«Оқиғаның барлық мән-жайы, себептері мен нақты деректері анықталуда. Тексеру аяқталғанға дейін қауесет таратып, тексерілмеген ақпаратты жариялаудан, сондай-ақ үшінші тұлғаларды жанама түрде айыптаудан бас тартуға шақырамын», – деді Диана Ерлан.
Ал оқушының әкесі, кәсіпкер Қанат Әмірркин, қызы оқыған білім беру мекемесінде жүйелі буллинг болғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша тергеу жүргізіп жатыр.



