Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілік танытып, қоғамға көмек көрсетуге шақырды. Бұл туралы qandastar.kz порталы qazaqparat_kz Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуге тиіс. Мемлекет ұлттық буржуазияны қолдайды, ал кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек. Тарихта қалталы азаматтар мектеп салып, оқу-ағарту ісін дамытуға үлес қосқан. Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз қайырымдылық пен әлеуметтік шараларға еріктілерді тартуда», – деді Президент.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, жобаларды қолдауы, қызметкерлердің қоғамдық істерге қатысуына жағдай жасауы қажет.
Сонымен қатар, Президент қоғамға үлес қосатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында былтыр «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
«Бұл марапат – халықтың қамын ойлайтын отаншыл азаматтарға деген шынайы құрметтің белгісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



