Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Министрлік жауабы: Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеу қашан мүмкін болады?

Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосылу мерзімі әлі нақты белгіленген жоқ. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан тарапы Корея Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарымен EPS жүйесіне енгізу мәселесі бойынша бірқатар кездесулер өткізген. Корей тарапының түсіндіруінше, шетел мемлекетін аталған жүйеге қосу процесі үш кезеңнен тұрады. Олар – ішкі мемлекеттік келісу рәсімдері, EPS орталығын ашу үшін тиісті нысандармен танысу және Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясының түпкілікті шешімі.

Қазіргі таңда Қазақстан бұл процестің бірінші кезеңін аяқтаған. Ал екінші кезеңді жүзеге асыру бағытында жұмыстар жалғасып жатыр.

Айта кетейік, соңғы жылдары Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарының заңсыз еңбек етіп жүргені жиі айтылып келеді. Бұған дейін Еңбек министрлігінің басшылығы Қазақстан азаматтарының Кореяда заңды түрде жұмыс істеуіне қатысты келісімдер 2024 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Алайда арада бір жылдан астам уақыт өтсе де, мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ.

Сонымен қатар, бұған дейін тараған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы келіссөздер нәтижесінде 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейін ҚР азаматтарына айыппұлсыз және шектеусіз Кореядан ерікті түрде шығуға мүмкіндік берілген.

Министрліктің мәліметінше, Корея Республикасынан ерікті түрде кету бағдарламасына қатысу мүмкіндігі туралы Қазақстан азаматтарына ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бағдарлама шарттары ведомствоның ресми интернет-ресурсында жарияланған. Оған қатысу үшін азаматта жарамды паспорт, ерікті түрде кету туралы өтініш және әуе билеті болуы қажет.

Еске сала кетсек, EPS жүйесі 2004 жылдың 1 тамызынан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл бағдарлама аясында 20-ға жуық елдің азаматтары Оңтүстік Кореяда заңды түрде еңбек ете алады. Жүйе қызмет көрсету, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларын қамтиды.

EPS арқылы жұмысқа орналасқан шетел азаматтары Кореяда бастапқыда 3 жылға дейін еңбек ете алады. Кейін келісімшарт ұзартылған жағдайда елде 4 жыл 10 айға дейін тұру мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер арнайы EPS дайындық орталықтарында корей тілін меңгеру, көші-қон және медициналық талаптар бойынша тестілеуден өтеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button