
Алматының тәртіп сақшылары қарақшылық шабуылды ашты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қылмыс қаладағы азық-түлік дүкендерінің бірінде орын алған.
Белгісіз ер адам әйелге шабуыл жасап, оған дене жарақатын келтіріп, алтын әшекей бұйымын ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жәбірленушіге дер кезінде медициналық көмек көрсетілді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының кешені барысында күдікті анықталып, ұсталды.
Ұрланған мүлік тәркіленіп, қылмыстық істің материалдарына тіркелді.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
«Криминалдық полиция қызметкерлерінің аумақтық бөлімшемен бірлескен үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде күдікті қысқа мерзім ішінде ұсталды. Қылмыстың барлық мән-жайы анықталып, ұрланған мүлік қайтарылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасалған қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтау бағытындағы жұмыс жалғаса береді», — деп нақтылады Алматы қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Даулетияров.



