Серік Сәпиев Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі – жазғы ХХ Азия ойындарына дайындық штабының спорт бойынша үйлестірушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы министрлікке сілтеме жасап.
Бұл шешім былтыр күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында көзделген ротация аясында қабылданды.
Серік Сәпиев — бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы.
Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, өңірлік басқарма басшысы қызметтерін атқарған.
Қазіргі таңда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиадалық комитетінің президенті.
Штаб құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының жетекшілері және спорт саласының ардагерлері енді. Олар дайындықтың әрбір кезеңін пысықтап, қойылған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, бүгін Серік Сәпиевтің Қарағанды облысы спорт басқармасы басшысы лауазымынан өз еркімен кеткені туралы жазған едік.
Бұған дейін Сәпиев пен орынбасарының арасында жанжал шығып, желіде шу болған болатын.



