
Атырауда блогер Құралай Болатованы ұрлап, ұрып-соғуға қатысты сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қоғам белсендісі Рүстем Баязиев түнгі уақытта айыпталушылардың бірінің көңіл көтеру орнында жүргеніне назар аударды.
«2 02 2026 сағат 23:40 Ақмурзиева Айдана Үй қамақта емес пе? Заң қайда? Ертең сот үкімі деді, не масқара? Атырауда қылмыс жасап жәйбірақат жүре беруге болады ма?», — деп жазды блогер.
Ол тіпті тәртіп сақшыларын шақыруды талап етті.
Айта кетері, жуырда өткен сот отырысында прокурор екі айыпталушыны – Айдана Ақмурзиева мен Ақбота Нұғманованы бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ал жәбірленуші Құралай Болатованың айтуынша, қыздардың әрекеті аса ауыр бапқа жатқызылуы керек.
Естеріңізге сала кетсек, атыраулық блогер әлеуметтік желіде жарнаманың кесірінен аяусыз соққының құрбаны болғанын айтқан еді.
Оқиға 3 қазан күні кешкі уақытта болған.
Екі танысы — Айдана Ақмурзиева мен Ақбота Нұғманова оны «әңгімелесуге» шақырып, кейін көлікке отырғызып, қалалық зиратқа қарай бет алған.
Болатованың айтуынша, олар оны ұрып-соғып, балағаттаған.


