
Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновқа қолдау білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Кәсіпкер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
«Кеше жаңалықтардан Шавкат Рахмоновтың тағы да жарақат алғанын естіп, көңілім құлазып қалды.
Бауырым Шавкаттың басынан өтіп жатқан қиындықтарына аға ретінде қолдау білдіргім келеді.Шавкат, сен қиын балалық шақты бастан кештің. Жастайыңнан ауыр еңбек етіп, жақсы күндерді сабырмен күте алдың. Бұл да сондай өтпелі күндердің бірі.Ең бастысы — деніңнің сау болғаны. Қалғанының бәрі қазақ елі үшін екінші орында.
Сен бізге қайсар мінезіңді, ерекше күш иесі екеніңді әлдеқашан дәлелдедің. Тек бізге емес, бүкіл әлем соған куә.
Сен біз үшін батырсың. UFC-ге барған қазақстандықтарға жол салып, арттарыңнан ерушілерге үлкен мүмкіндік аштың,туымызды таныттың!Талай жастың жүрегінде үміт отын жағып, үлкен мақсатқа жетудің кілті — еңбек пен сабыр екенін дәлелдедің.
Денің сау, жүрегің тыныш болсын, батыр! Біз сенімен біргеміз», — деп жазды кәсіпкер.



