Жаңалықтар

Премьер-министр Alatau City туралы: қаланың дамуының негізгі қағидаттары жаңа Конституция жобасына енгізілді

Президент тапсырмаларын орындау аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық порталы.

Жиында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, құқықтық экожүйе қалыптастыру, сондай-ақ сапалы адами капиталды дамыту тетіктері қаралды. Премьер-министр Мемлекет басшысының Alatau City жобасына айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Президент бұл қаланы елдің ұзақмерзімді экономикалық өсімінің жаңа драйвері ретінде айқындап, жобаның іске асуын жеке бақылауда ұстап отыр.

Алатау қаласының дамуына қатысты негізгі қағидаттар жаңа Конституция жобасында да көрініс тапқан. Арнайы құқықтық режимдерді енгізу инвестициялық тартымдылықты арттырып, елдің стратегиялық экономикалық мүдделеріне сай келеді. Бұл ретте мұндай режимдер әкімшілік-аумақтық тұтастыққа әсер етпейтіні, аумақтың тұрақтылығы сақталатыны баса айтылды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Парламентте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралып жатқанын хабарлады. Сонымен қатар инвесторларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйе құраушы жобалар іске қосылуда. Олардың қатарында Iconic Complex көпфункционалды кешені мен KAIST Kazakhstan технологиялық университетін салу жобалары бар.

Қала дамуына арналған инвестициялық портфель өнеркәсіп, логистика, агроөңдеу, қызмет көрсету және креативті индустрия салаларын қамтитын 44 жобадан тұрады. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,8 трлн теңгені құрап, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылуда. Энергия, су, газ және жол инфрақұрылымы бойынша бірқатар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Alatau City Authority мемлекеттік қорының басшысы міндетін атқарушы Әлішер Әбдіқадыров қала дамуына қатысты тұжырымдамалық жоспар, қала құрылысы құжаттары мен даму стратегиясы әзірленгенін мәлімдеді. Бұл құжаттар аумақты аймақтарға бөлу, құрылыс талаптары, көгалдандыру, көлік қолжетімділігі мен тұрғындардың өмір сүру сапасына қойылатын стандарттарды айқындайды.

Сапалы адами капиталды қалыптастыру мәселесіне де жеке көңіл бөлінді. Шэньчжэнь, Дубай және Сингапур тәжірибесі негізінде еңбек ресурстарын кезең-кезеңімен және селективті тарту моделі ұсынылды. Негізгі мақсат — жоғары білікті және басқарушылық кадрлар үлесін арттыру.

Кеңес қорытындысында қатысушылар ұсынылған тәсілдерді қолдап, Алатау қаласының толыққанды экожүйесін қалыптастыру үшін дербес нормативтік актілерді жедел әзірлеудің маңызын атап өтті. Осы мақсатта Жедел комитет құрылды. Барлық нормативтік құжаттар инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті болуы тиіс, сондықтан оларды әзірлеуге отандық және халықаралық сарапшылар тартылатын болады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button