52 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны интернеттегі алаяқтардың уәдесіне сеніп, бір қателікті екі рет қайталаған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицияның хабарлауынша, ер адам YouTube желісінен бұрын алаяқтарға берілген ақшаны қайтарып беруге көмектесеміз деген жарнаманы көрген.
Бір жыл бұрын ол өзін криптовалютаға инвестиция салу арқылы жоғары табыс табуға үгіттеген белгісіз адамдарға 7 миллион теңге аударып, алаяқтардың құрбаны болған.
Жоғалтқан қаражатын қайтаруға тырысқан азамат тағы да алданған.
Ол «ақшаны қайтарып береміз» деген қызмет үшін 400 мың теңге төлеген, алайда кейін өзін маман ретінде таныстырған адамдар байланысқа шықпай қойған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта күдікті тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарға ескертеді:
• интернеттегі жеке хабарландырулар арқылы алаяқтардан ұрланған ақшаны кепілдікпен қайтарып берудің заңды жолы жоқ;
• «100 пайыз ақшаңызды қайтарып береміз» деген уәделер — қайталама алаяқтықтың кең таралған түрі.


