Алматы облысы Сарыбастау ауылында бір әулеттің төрт адамы қаза болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай Алматы облысындағы Сарыбастау ауылында тіркелді.
Марқұм болған отбасы тауда мал бағып күнелткен. Тауда орналасқан үйде 70 және 47 жастағы ағайынды екі ер адам, інісінің жұбайы мен сәбиі тұрған.
Туыстарының айтуынша, олармен байланыс үзілген соң адамдар үйге кіріп көрген. Ерлі-зайыпты төсекте жатқан күйі табылған. Ал 70 жастағы ағасы бір балағын ғана киіп үлгеріп, сол жерде құлап қалған. Нәресте бесік арбада болған.
«Байланысқа шықпаған соң барып қарадық. Көргеніміз өте ауыр болды», — дейді марқұмдардың туысы Күлімхан Босқынбаева.
Алдын ала болжам бойынша, отбасы пештен шыққан түтінге уланып көз жұмған.
Бүгін қаза тапқандар соңғы сапарға аттандырылды.



