
Мәжіліс депутаты Марат Башимов Өскемендегі экологиялық жағдайдың шектен шыққанын айтып, Үкіметке дабыл қақты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Халық қалада таза ауа емес, улы қоспалармен тыныстап отырғанын атап өткен депутат мәселе уақытша емес, жүйелі сипат алғанын жеткізді.
Айтуынша, соңғы жылдары Өскеменде атмосфералық ауаның ластануы қалыпты жағдайға айналып, қауіпті химиялық заттардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден әлдеқайда асып кеткен. Бұл тұрғындардың денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отыр.
Осыған байланысты Марат Башимов Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады. Онда өндірістік кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, зиянды шығарындыларды қысқарту бойынша жедел шаралар қабылдау, сондай-ақ экологиялық тәуекел аймағында тұратын азаматтарға өтемақы мен әлеуметтік қолдау тетіктерін енгізу қажеттігі айтылған.
Депутаттың айтуынша, биліктің әрекетсіздігі үшін халық өз денсаулығымен «төлеуге» тиіс емес.
«Мәселе бір реттік асып кетулер немесе маусымдық құбылыстар туралы емес. Бұл – азаматтардың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төндіріп отырған атмосфералық ауаның жүйелі ластануы. Қаңтар айының соңында “Қазгидромет” РМК облыстық филиалының ресми деректеріне сәйкес, Өскеменде күкіртсутек пен күкірт диоксидінің шекті рұқсат етілген концентрациясы 3,6 есе асып кеткен», – деп атап өтті депутат.



