
Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Ұлттық Олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
⠀
Тиісті құжатқа Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы, мәртебелі Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.
«Алматыда спорттық және қалалық инфрақұрылым толық қалыптасқан. Осы фактор қалаға ауқымды қосымша құрылыс жүргізбей-ақ, кешенді халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Қолданыстағы спорт нысандарын тиімді пайдалану және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы мол тәжірибе Ойындарды жоғары деңгейде әрі ұтымды өткізуге негіз болмақ», — делінген мәлімдемеде.
Азия ойындарының Қазақстанда өтуі ел үшін маңызды оқиға саналады және олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына қосымша серпін береді.
⠀
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де ірі мультиспорттық жарыстарды сәтті өткізген.
2011 жылы елде қысқы Азия ойындары ұйымдастырылса, 2017 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік қысқы Универсиада өтті.



