
Семей қаласында тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерден жаңа туған нәрестенің мәйіті табылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.
Оқиға 3 ақпан күні тіркелген. Әуезов аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне тұрғындардан қоқыс жәшігінің ішінен сүлгіге оралған нәрестенің денесі табылғаны жөнінде хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жетіп, тексеру жұмыстарын бастаған.
Тергеу барысында 20 жастағы қыздың үй жағдайында босанғаны анықталған. Оның түсіндіруінше, сәби өлі туған.
Сондай-ақ баланың денесін қоқыс контейнеріне тастаған қала тұрғыны да белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Нәрестенің мәйіті сараптамаға жолданып, нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.


