Премьер-министр Олжас Бектенов «Атамекен» ҰКП алаңында мұнай-газ және энергетика, тау-кен-металлургия кешені, агроөнеркәсіп саласы бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мен өңірлік сарапшылардың қатысуымен кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Кездесуде салық реформалары, бизнесті қолдау шаралары, ақпараттық жүйелерді цифрландыру секілді өзекті тақырыптар талқыланды.
Жиынды ашқан Үкімет басшысы кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысы белгілеген негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнес — экономикалық реформалардың басты серіктесі, ал бұл бағытта «Атамекен» ҰКП маңызды орын алады.
Бүгін біз еліміз үшін айрықша тарихи кезеңде кездесіп отырмыз. Соңғы жарты жыл бойы қоғамда конституциялық реформалар белсенді талқылануда, ашық пікірталастар өтуде. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс түсіп, олардың барлығы мұқият қарастырылып жатыр. Бұл – елдегі демократиялық үдерістердің көрінісі.
Жаңа Конституция жобасы халыққа ұсынылды. Оның басты мақсаты – егемендік пен Тәуелсіздікті нығайту. Сіздерді Президентті және жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын. Қарамағыңызда мыңдаған адам еңбек етеді, сондықтан реформалардың мәнін әр қызметкерге дұрыс жеткізу маңызды, — деді Олжас Бектенов.
Жаңа Конституция жобасында Заң мен Тәртіп үстемдік ететін Әділетті Қазақстан құру бағыты кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл адал еңбекке, кәсіпке құрметке және елге жанашырлыққа негізделген құндылықтардың маңызын арттырады. Әділдік пен заңдылық қағидаларын конституциялық деңгейде бекіту сенімге құрылған ұзақмерзімді әріптестік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.



