
Қазақстанда балалардың әлеуметтік желідегі белсенділігін реттеуге бағытталған жаңа бастама әзірленуде, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.
Министрліктің жоспарына сәйкес, болашақта шектеулер негізінен жаңа тіркелетін аккаунттарға қатысты қолданылуы мүмкін.
Ал бұған дейін ашылған парақшаларға автоматты түрде тосқауыл қойылмайды.
Қазіргі уақытта бұл мәселе әлі де жан-жақты талқылау кезеңінде тұр.
«Бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек. Әзірше, бұның барлығы әлі талқыланып жатыр. Бүгінде сан алуан пікірлер бар. Аккаунттарды тіркеу жағынан шектеу бола ма, жоқ әлде желіге кіру жағынан шектеу бола ма, әзірше белгісіз»,- деді Кочетов сенатта өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, балаларға арналған цифрлық кеңістікті реттеуге бағытталған заң жобасы жыл соңына қарай Парламент қарауына енгізіледі.
«Жылдың соңында біз бұл мәселені парламентпен талқылауды бастауымыз қажет. Сол кезде нақты ұсыныстар болады», — деп атап көрсетті вице-министр.
Айта кетейік, бастама балалардың ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға, зиянды контенттен қорғауға және интернеттегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған.



