
Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары интернет және телефон арқылы жасалған алаяқтық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық аяқтады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 1-тармағы (алаяқтық), сондай-ақ 262-бабының 1 және 2-бөліктері (ұйымдасқан топты құру және оған қатысу) бойынша қозғалған.
Тергеу барысында 2024–2025 жылдар аралығында шетелдік азамат Қазақстан аумағында әрекет етіп, интернет және телефон байланысы арқылы алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басқарғаны анықталды. Қылмыстық топтың әрекеттері салдарынан 21 жәбірленушіге 125 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
Күдіктілер телефон қоңыраулары арқылы өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды алдау жолымен олардың атына несие рәсімдеп, түскен қаражатты заңсыз иемденген.
Сотқа дейінгі тергеу кезеңінде жәбірленушілерге 20 млн теңге қайтарылды.
Сонымен қатар күдіктілерге тиесілі 3 автокөлікке тыйым салынды.
Қалған шығын сомасы сот тәртібімен мәжбүрлеп өндірілетін болады.
Іс аясында 20 күдікті қамауға алынды, ал тағы 2 адамға халықаралық іздеу жарияланды. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру толық аяқталды.



