
Полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты жасалған сталкингтің үш фактісін анықтап, күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Барлық жағдайда да қудалауға барған адамдар жәбірленушілермен бұрын таныс болған.
Оқиғалардың екеуі Шымкент қаласында, біреуі Астанада тіркелген.
Шымкенттегі алғашқы жағдайда әйел адам бұрын қарым-қатынаста болған ер азаматтың үстінен шағым түсірген. Қатынасы үзілгеніне қарамастан, күдікті түрлі телефон нөмірлерінен хабарласып, хабарламалар жазып, жәбірленушінің үйі мен жұмыс орнына барып, мазасын алған. Әйел барлық байланысын үзгенімен, қудалау тоқтамаған.
Нәтижесінде күдікті жедел түрде ұсталып, қамауға алынды.
Екінші оқиғада сталкинг әрекеті физикалық күш қолданумен ұласқан.
Бұл дерек бойынша сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Істер тәулік ішінде сотқа жолданған.
Астанадағы жағдайда күдікті бұрын да дәл осындай әрекеті үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды.
Ол алты ай бойы әйел адамды жүйелі түрде қудалаған. Бұған дейін бас бостандығын шектеу жазасын өтеп жүрген, алайда оның шарттарын бұзған. Сот оны сталкингке кінәлі деп танып, моральдық зиянды өтеу үшін 100 сағаттық қоғамдық жұмыс тағайындаған. Жазаның өтелмеген бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Құқық қорғау органдары сталкингке қатысты фактілерге нөлдік төзімділік қағидаты қолданылатынын мәлімдеді.



