Жаңалықтар

Үкімет 11 мың шақырым жолды жаңартып, әуежайлардың өткізу мүмкіндігін 40 млн жолаушыға дейін жеткізбек

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру және елдің транзиттік әлеуетін күшейту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық порталы.

Оның айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысы және 2,9 мың шақырым автожолды жаңғырту аяқталады. Бұл шаралар транзиттік тасымал көлемін 60%-ға арттырып, контейнерлік пойыздардың жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін жүк жеткізу мерзімі жыл соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады.

Сондай-ақ ел бойынша 11 мың шақырым автомобиль жолын салу және қайта жаңарту жоспарланған.

Премьер-министр транзиттік әлеуеттің дамуын тежейтін негізгі мәселелердің бірі – теміржол инфрақұрылымының тозуы екенін атап өтті. Осыған байланысты магистральдық теміржол желілерін жаңғыртудың кешенді бағдарламасы Үкімет бақылауында тұр.

Авиация саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Астана әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Бұл бірінші жолақты жаңартуға мүмкіндік беріп, әуежайдың өткізу қабілетін төрт есеге арттырып, жылына 40 млн жолаушыға дейін жеткізеді.

Ал Алматы әуежайының ішкі терминалын күрделі жөндеу жұмыстары шілдеде аяқталып, өткізу мүмкіндігі 14 млн-нан 19 млн жолаушыға дейін өседі. Сонымен қатар ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары басталады.

Президент тапсырмасына сәйкес авиаотынның нарықтық бағасын қалыптастыру шаралары қабылданған. Соның нәтижесінде оның құны 1,2 мың доллардан шамамен 950 долларға дейін төмендеп, Қазақстан әуе кеңістігінің шетелдік әуе компаниялары үшін тартымдылығы артпақ.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button