
Үкімет атаулы әлеуметтік көмекті көрсету жүйесін қайта қарап, бақылауды күшейтті. Нәтижесінде бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды.
Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік міндеттемелер толық орындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Сонымен бірге жүйесіз төлемдер мен әлсіз бақылау шығындардың артуына себеп болғанын атап өтті.
«Атқарылған жұмыстардың арқасында соңғы екі жылдың өзінде шамамен 288 млрд теңгенің тиімсіз игерілуіне тосқауыл қойылды.
Сіздің Turkistan газетіне берген сұхбатыңызда және Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылғандай, бүкіл сала реформалауды қажет етеді.
Осы орайда келесі шаралар қабылдануда:
- әлеуметтік көмек түрлерін біріктіру және бірізді жүйеге келтіру процесі жүргізілуде;
- білім беру қызметтері цифрландырылуда.
Бұл нысандарды салудан бастап жан басына сәйкес қаржыландыруға дейін барлық кезеңді қамтиды;
- әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта қаралуда», — деді Бектенов.
Өзгерістер көші-қон саясатына да енгізілді.
Әлсіз тетіктер масылдық пиғылға жол ашқаны айтылды.
Биылдан бастап жеңілдіктер тек жұмыс күші тапшы өңірлерге баратын азаматтарға беріледі.
«Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларындағы мемлекеттік саясаттың трансформациясы мемлекеттік бюджеттен шамамен 18 трлн теңге бөлінетін салаларда тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Үкімет «шынайы мұқтаж адамдарға ғана көмек» қағидатын қатаң ұстанады», — деп қорытындылады Премьер-министр.



