
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа Салық кодексін іске асыру мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы жаңа салық-бюджет саясаты теңгерімді болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, ол экономиканың тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы қажет.
Президент биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтетінін айтты. Экономика министрлігінің дерегіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим енгізілгелі бері 180 мыңнан астам адам заңды түрде салық төлей бастаған.
Үкімет бағалауынша, жүргізіліп жатқан салық реформасы нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 трлн теңге түспек.
Сонымен қатар Тоқаев жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бизнеске шамадан тыс салық салуға немесе оны негізсіз қыспаққа алуға болмайтынын ескертті. Оның пікірінше, бюджетті ұлғайтудың негізгі жолы – тиімді салықтық әкімшілендіру.
Осыған байланысты Президент салық жүйесін жаппай цифрландыру жұмыстарын жедел бастау қажет екенін айтты.



