
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, фискалдық саясатты түбегейлі қайта қарау қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Президенттің айтуынша, бюджетті тиімді басқарудың басты шарты – қаржы тәртібін күшейту және мемлекеттік шығындарды жүйелі түрде оңтайландыру.
«Фискалдық саясаттың тиімділігіне, ең алдымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болады», – деді Мемлекет басшысы.
Ол тиімсіз шығындарды қысқарту үшін қолданыстағы барлық бюджет бағдарламаларын толық ревизиядан өткізу қажеттігін атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмысты созбалаңға салуға болмайтынын ескерткен Президент Қаржы және Экономика министрліктеріне қатаңдық пен табандылық танытуды тапсырды.
Сондай-ақ, бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийлерінен бас тартып, мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін басқаруды күшейту қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдердің «бюджет игерілмей қалады» деген қауіппен жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін тоқтатуы тиіс екенін қатаң сынға алды.
«Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек. Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз», – деді Президент.
Президенттің сөзінше, бюджет қаражаты тек азаматтарға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына серпін беретін жобаларға бағытталуы керек.
Үкіметке 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына толық ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылды.
Бұл талап квазимемлекеттік секторға да қатысты болмақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бюджеттік шығындардың ашықтығын арттыру үшін цифрлық теңгені белсенді қолдану қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда бұл тетік мемлекеттік сатып алу, субсидиялау, сондай-ақ Ұлттық қордан ірі жобаларға қаржы бөлу кезінде қолданылып жатыр. Президент бұл тәжірибені басқа салаларға да кеңейтуді тапсырды.
Осылайша, Үкімет алдында бюджет жүйесін түбегейлі жаңғырту, қаржыны басқаруда ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.



