Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Айтуынша, Сара Назарбаева ауыр миокард инфарктін алып, 2025 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Алматы қаласындағы Ұлттық госпиталінде емделген.
«Сара Назарбаева 2025 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Алматы қаласындағы Ұлттық госпиталінде емделіп жатты. Сол кезеңде ол ауыр миокард инфарктін бастан кешірді. Дәрігерлер ұзақ уақытқа созылған ауыр қант диабеті мен үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі аясында дамыған жүректің ишемиялық ауруын, жүрек және өкпе жеткіліксіздігін анықтады.
Сара Назарбаева ұзақ уақыт бойы өкпені жасанды желдету және жасанды бүйрек аппараттарына қосылған күйде болды», — делінген мәлімдемеде.
Биылғы жылдың қаңтар айында жағдайының тұрақтануына байланысты стационарлық емдеу кезеңі аяқталды.
Қазіргі уақытта Сара Алпысқызы Алматы қаласында үй жағдайында дәрігерлердің бақылауында.



