Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, төраға орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және комиссия мүшесі, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына жаңа Конституция жобасын әзірлеу аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.
Эльвира Әзімованың айтуынша, Комиссия өткізген он екі отырыстың қорытындысы бойынша Ата Заңның соңғы нұсқасы дайындалған. Құжат азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бері eGov және e-Otinish порталдары арқылы жолдаған ұсыныстары негізінде әзірленген. Сондай-ақ жобаға Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қазан–қаңтар аралығында жинаған ұсыныстары енгізілген.
Комиссия талқылау нәтижесінде жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынған.
Президент комиссияның ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтіп, жаңа Конституция елдің институционалдық жүйесін толық жаңғыртып, жаңа конституциялық модельге көшуге жол ашатынын айтты. Оның пікірінше, құжат қоғамдағы негізгі құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның әрі қарай дамуына негіз қалайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия мүшелеріне кәсіби еңбегі үшін алғыс білдіріп, жобаны тікелей эфирде талқылау қоғамдағы ашық диалог деңгейін көрсеткенін жеткізді. Сондай-ақ құжатты әзірлеуге мыңдаған азаматтың қатысуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес келетінін және оның шынайы халықтық сипатын айқындайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысы жақын уақытта жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.



