
«Қазақмыс» корпорациясы тау-кен металлургия кешеніне кадр даярлау моделін түбегейлі жаңартып, білім, ғылым және өндірісті бір платформада тоғыстыратын ірі серпінді бастамаларды іске қосуда, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлідің жұмыс кездесуінде инженерлік кадрларды даярлау, қолданбалы ғылымды өндіріске енгізу, өндірістік цифрландыру және жасанды интеллект шешімдерін енгізу бағыттары бойынша нақты жол картасы айқындалды.
Стратегиялық жобалардың бірі — Colorado School of Mines пен Ұлытау университетінің бірлескен филиалын ашу. Бұл жоба арқылы өңірде халықаралық стандарттағы инженерлік білім беру жүйесі қалыптасып, Ұлытау облысы Орталық Азиядағы жаңа ғылыми-білім беру орталығына айналмақ.
«Қазақмыс» пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын үш дипломды бағдарлама аясында 100 студентке грант бөлмек. Бес жылға жоспарланған бұл жоба Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда жоғары білікті инженерлердің тұрақты легін қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ корпорация индустриялық PhD бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысуда. Қазірдің өзінде 15 қызметкер тау-кен ісі мен металлургия бағытында ғылыми даярлықтан өтуде. Бұл — ғылыми жаңалықтардың зертханада емес, тікелей өндіріс алаңында іске асуына жол ашатын жаңа модель.
2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына орай, «Қазақмыс» өндірістік автоматтандыруды, цифрландыруды және ЖИ технологияларын енгізуге бағытталған үшінші ғылыми-технологиялық хакатон өткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін өткен екі хакатонда 23-тен астам нақты өндірістік міндет шешімін тапқан.
Корпорация Ұлытау облысын білім, ғылым және технология тоғысқан стратегиялық өңір ретінде дамытуды мақсат етеді. Мұнда қалыптасатын инфрақұрылым тек өндірісті емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын да жаңа деңгейге көтермек.



