
«Қазақмыс» корпорациясы «Жомарт» және «Жыланды» кеніштерін жаңғыртуға ауқымды инвестиция құятынын мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Компания басшылығы кеніш ұжымдарымен өткен жұмыс кездесуінде өндірісті жаңғырту, қауіпсіздікті күшейту және инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы нақты жоспарларын таныстырды.
Инвестициялық бағдарлама геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуге, тау-кен техника паркін жаңартуға, жаңа өндірістік нысандар салуға бағытталмақ. Бұл қадамдар «Жомарт» кенішінің тұрақты жұмыс істеуіне, ал «Жыланды» кенішінің өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, «Жыланды» аумағындағы «Батыс Сарыоба» шахтасында күрделі тау-кен жұмыстары жүргізіледі. Желдету жүйелері жаңартылып, шахта оқпандары жабдықталып, конвейер желілері мен жерүсті инфрақұрылымы дамытылады. Жоспар бойынша 2029 жылға дейін кен өндіру көлемі жылына 3 млн тоннадан 5,4 млн тоннаға дейін ұлғаяды.
Ал «Жомарт» кенішінде үшінші желдету оқпанының құрылысы басталып, оны 2027 жылдың алғашқы тоқсанында іске қосу көзделген. Сонымен қатар кен орнының батыс және шығыс қапталдарында жаңа кен қорын анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі.
Компания еңбек қауіпсіздігіне ерекше басымдық беріп отыр. Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын сақтау барлық қызметкерлер үшін негізгі міндет ретінде белгіленді. Сонымен бірге жөндеу бригадаларын күшейту, қосалқы бөлшектер сапасын бақылау, резервтік техниканы жаңарту және жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері де назарға алынды.
Мамандардың айтуынша, бұл инвестициялық қадамдар Жезқазған өңіріндегі тау-кен өндірісінің тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының сақталуына және өндірістік әлеуеттің ұзақ мерзімді өсуіне негіз болады.



