Жаңалықтар

Қазақстанда мобильді құрылғыларды верификациялау қалай жүргізіледі?

Қазақстанда мобильді құрылғыларды верификациялау бірыңғай және ашық ережелерге сәйкес жүргізіледі. Құрылғының қай елде өндірілгені тіркеуден бас тартуға негіз болмайды. Негізгі талап – телефонның елге заңды түрде әкелінуі және оны растайтын құжаттардың болуы. Егер импорт ресми рәсімделіп, кедендік әрі салықтық төлемдер төленсе, верификациядан өтуге еш кедергі жоқ, деп хабарлайды QANDASTAR порталы arasha.kz сайтына сілтеп.

Қиындықтар көбіне «сұр» импортқа байланысты туындайды. Яғни кедендік рәсімдеусіз және міндетті төлемдерсіз әкелінген құрылғылар бойынша жүйе олардың заңды айналымда екенін дәлелдей алмайды. Мұндай жағдайда өтінім қабылданбайды.

Жеке тұлғалар үшін верификация рәсімі тегін. Әлеуметтік желілерде айтылған 2 АЕК төлемі азаматтарға қатысты емес. Импорттаушылар мен ресми дистрибьюторлар қызметті коммерциялық негізде алады, оның құны – бір құрылғыға 1 АЕК. Алайда бұл төлем құрылғы автоматты түрде тіркеледі дегенді білдірмейді. Басты шарт – заңды импорт пен барлық міндетті төлемдердің төленгенін растау.

Верификацияның мақсаты – құрылғыларды ақылы түрде жаппай тіркеу емес, олардың заңды айналымда екенін растау және адал бизнес пен тұтынушылардың мүддесін қорғау.

IMEI тіркеуге қатысты екі түрлі жағдайды ажыратқан жөн:
– жаңадан әкелінген құрылғыны верификациялау;
– 2025 жылғы 25 маусымға дейін желіде белсендірілген телефон бойынша IMEI растау туралы хабарлама.

Кейбір пайдаланушылар жаңа құрылғыны тіркеу рәсімін бұрын қолданылған телефонға келген SMS-пен шатастырады. SIM-карта ауыстырылғанда немесе eSIM қосылғанда, 2025 жылғы 25 маусымға дейін желіге тіркелген құрылғыға байланысты хабарлама келуі мүмкін. Көп жағдайда бірінші IMEI бұрыннан расталған болады, ал жүйе екінші IMEI-ді сол құрылғыға бекітуді ұсынады.

Бұл үшін жеңілдетілген және тегін тәртіп қарастырылған. Негізгі талаптар:
– құрылғы бірінші IMEI бойынша бұрын тіркелген болуы тиіс;
– екі IMEI бір ИИН-ге тиесілі болуы қажет.

Жеңілдетілген рәсім тек бірінші IMEI расталған жағдайда қолданылады. Егер жаңа құрылғыда IMEI-1 тіркелмеген болса, онда заңды сатып алу мен импортты растайтын құжаттар ұсынылатын стандартты тәртіп жүзеге асырылады.

SIM-картаны ауыстырғаннан немесе eSIM қосқаннан кейін келген SMS телефонның бұғатталғанын білдірмейді. Бұл тек екінші IMEI-ді растау қажеттігі туралы ескерту.

Верификация kz-imei.kz порталы мен eGov mobile қосымшасы арқылы бекітілген регламентке сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта портал қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Өтінімдердің кері қайтарылуы көбіне:
– құрылғының заңды әкелінгенін растайтын құжаттардың болмауына;
– деректердің қате енгізілуіне (IMEI нөміріндегі қате, брендті дұрыс көрсетпеу, IMEI санының сәйкес келмеуі және басқа да дәлсіздіктер) байланысты.

Пайдаланушыларға техникалық қолдау, соның ішінде тегін call-орталық қызметі қолжетімді. Мамандар өтінімді дұрыс толтыруға және ескертулерді түзетуге көмектеседі.

Құрылғы сатып алар алдында оның IMEI нөмірін тексеру ұсынылады:
– *#06# теру арқылы IMEI-ді анықтау;
– қораптағы және баптаудағы IMEI-ді салыстыру;
– мәртебесін eGov Mobile, imei.rfs.gov.kz немесе kz-imei.kz арқылы тексеру.

Егер телефон ресми сатушыдан алынып, заңды түрде импортталған болса, верификация барысында қиындық туындамайды. Ал бейресми сатушылардан алынған құрылғылар бойынша тәуекел сатып алушының өзіне жүктеледі. Сондықтан мобильді құрылғыларды тек ресми сауда орындарынан сатып алу ұсынылады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button