Көлік министрлігі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен алқа отырысын өткізіп, алдағы кезеңге арналған міндеттерді талқылады, деп хабарлайды QANDASTAR сайты.
Жиында Роман Скляр басқосудың елдегі саяси жаңғыру үдерісімен және жаңа Конституция жобасын әзірлеумен қатар өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата заң қоғам белсенділігін күшейтіп, саяси мәдениетті дамытуға бағытталған әрі мемлекеттің сапалы жаңа даму кезеңін айқындайтын құжат болмақ.
Кеңес барысында министрлік өкілдері өткен кезеңдегі нәтижелерді саралады. Теміржол саласында Достық–Мойынты учаскесі мен Алматы стансасының айналма желісі іске қосылып, 1,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылды. Автожол бағытында 13 мың шақырымға жуық аумақта жөндеу жүргізіліп, Қызылорда–Жезқазған жолының бір бөлігі және Қалбатау–Майқапшағай аралығы толық пайдалануға берілді. Азаматтық авиация саласында да ілгерілеу бар: ұшу қауіпсіздігі халықаралық талаптарға жақындай түсті, ал әуежайлар 30 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетті.
Биыл бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау жоспарланған. Дарбаза–Мақтаарал және Мойынты–Қызылжар теміржол желілерінің құрылысы тәмамдалып, вокзалдар мен вагондар жаңартылады. Автожол саласында 11 мың шақырым жол салу көзделіп отыр. Орталық–Батыс дәлізінің негізгі кезеңі басталып, Қарағанды–Жезқазған және Ақтөбе–Қызылорда бағыттарындағы жұмыстар жалғасады.
Мультимодальды тасымалды дамыту үшін Ақтау және Құрық порттарында айлақтар жаңғыртылып, теңіз түбін тереңдету жұмыстары атқарылады. Әуе қатынасын кеңейту мақсатында Астана мен Шымкентте қосымша ұшу-қону жолақтары салынып, өңірлік әуежайлар жаңартылады. Сондай-ақ Катонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар салу жоспарланған. Отандық әуе компаниялары тоғыз жаңа ұшақ сатып алмақ.
Жиын қорытындысында Роман Скляр көлік-логистика саласын жүйелі дамыту үшін жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.


