Жаңалықтар

Екібастұзда Орталық Азиядағы ең ірі деректер орталығы салынуда

Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ірі бастамалардың бірі – «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды QANDASTAR.

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайдың V отырысында жүктелген тапсырмалар аясында жобаның орындалу барысын талқылау үшін арнайы кеңес өткізді. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жоба қаңтар айында Павлодар облысы Екібастұз қаласында бастау алды.

«ДӨО алқабы» 1 ГВт-қа дейінгі энергетикалық әлеуеті бар Орталық Азиядағы ең ірі деректер орталығы кампусын құруды көздейді. Қазір 1,4 мың гектар аумақ бөлініп, инженерлік инфрақұрылым жасақталуда. Инвесторлар тарту мақсатында қосалқы станса алу және мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Жоба шеңберінде 100 МВт дайын қуат қарастырылған. Бұған қоса, жасанды интеллектке арналған, әрқайсысы 50 МВт болатын төрт кезеңдік орталық салу жоспарланған. Нысандар халықаралық Tier III стандартына сай салынып, энергия тиімділігі PUE 1.25 деңгейінде болады. Сондай-ақ шетелдік серіктестер үшін арнайы Greenfield аймағы құрылмақ.

Телекоммуникациялық көрсеткіштерді жақсарту үшін желілік кідірісті 80 миллисекундтан 57 миллисекундқа дейін азайту көзделген. Бұл Еуропаның жетекші трафик алмасу орталықтарымен бәсекеге қабілетті деңгейге жетуге мүмкіндік береді.

Жобаны толық іске асыру елді өңірлік цифрлық хабқа айналдырып, 30 млрд долларға дейін инвестиция тартуға және 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орнын ашуға жағдай жасайды. Кеңес соңында Премьер-министр жауапты органдарға барлық кезеңнің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді және қажетті нормативтік шешімдерді жедел қабылдауды тапсырды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button