2026 жылдың қаңтар айында Қазақстан аумағында бірқатар жаңа температуралық рекордтар тіркелді. Соның ішінде 51 жыл бойы сақталған тарихи максимум жаңарған. Бұл ақпаратты Tengrinews.kz дерегіне сілтеме жасап Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қазгидромет мамандарының мәліметінше, айдың алғашқы онкүндігінде бүкіл ел бойынша, ал екінші онкүндіктің басында оңтүстік өңірлерде ауа температурасы жоғарылаған. Орта Азия аймақтарынан жылы ауа массаларының ығысуы нәтижесінде кейбір облыстарда бұрын тіркелген температуралық көрсеткіштер жаңартылды.
11 қаңтарда Қарағанды қаласында ауа температурасы +5,5 градусқа дейін көтеріліп, 2016 жылғы рекордтан 1,5 градусқа асып түсті. Шымкентте термометр бағаны +17,4 градусқа жетіп, 1987 жылғы +17,3 градус көрсеткішін жаңартты. Таразда +19,3 градус тіркеліп, 1999 жылғы +14,2 градус рекордынан айтарлықтай жоғары болды.
12 қаңтарда Ақтауда температура +13,4 градусқа дейін көтеріліп, 2025 жылғы көрсеткіштен асты. Қарағандыда сол күні +1,2 градус тіркеліп, 1975 жылғы максимум жаңарды. Семейде ауа температурасы +1,5 градусқа жетсе, Өскеменде +4,4 градусқа дейін жылып, бұрынғы рекордтардан жоғары болды. Осылайша, кей өңірлерде жарты ғасырға жуық сақталған температуралық көрсеткіштер қайта қаралды.
13 қаңтарда Түркістан қаласында +16,8 градус тіркеліп, 1986 жылғы максимумнан асып түсті.
Сонымен қатар елдің солтүстік бөлігінде суық ауа массаларының келуіне байланысты температура күрт төмендеді. Түнгі уақытта ауа температурасы -30…-38 градусқа дейін жетіп, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында -40 градусқа дейін аяз байқалды. Марқакөл метеостанциясында -42,6 градус тіркелді.
Астанада қаңтар айындағы орташа температура -14,3 градус болды (норма -14,5 градус). Ең жоғары температура 11 қаңтарда +1,6 градус, ал ең төмен көрсеткіш 17 қаңтарда -28,3 градус тіркелді. Ай ішінде 23 миллиметр жауын-шашын түсіп, бұл айлық норманың 128 пайызына (18 миллиметр) тең болды.



