Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Щучинсктегі трагедия: қаза тапқандардың отбасыларына 2 млн теңгеден беріледі

Щучинсктегі алапат жарылыстан қаза тапқандардың отбасыларына ірі қаржылай қолдау көрсетіледі.

Қалада түнде болған жойқын жарылыстан кейін жергілікті билік төтенше шаралар қабылдап жатыр.

Апат салдарынан көз жұмған азаматтардың әрбір отбасына 2 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл туралы Бурабай ауданының әкімі мәлімдеді.

Қайғылы оқиғадан кейін арнайы жедел штаб құрылып, барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен.

Соңғы дерек бойынша, дәмханадағы жарылыс салдарынан 7 адам қаза тауып, 21 тұрғын түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Билік өкілдерінің айтуынша, тек қаржылай көмекпен шектелмей, марқұмдарды жерлеуге байланысты барлық шығындар толықтай әкімдік есебінен өтеледі.

Сондай-ақ, қаралы отбасылардың туыстары мен жақындары үшін уақытша жатын орын да қарастырылған.

Зардап шеккендердің жағдайы да белгілі болды.

Төрт адам аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, олардың хал-ахуалы – ауыр және аса ауыр.

Тағы үш науқас травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Сегіз адам амбулаториялық бақылауға алынған, ал алты зардап шеккен азамат Көкшетаудағы облыстық ауруханаға жеткізілген.

Қазір оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр, тиісті органдар тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button