
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Александр Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті халық қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер деп санайтынын жеткізді.
«Бұл – қазақ жұртының Сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы және ерекше құрметінің белгісі. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін. Қос халықтың достығы жасай берсін!» – деді мемлекет басшысы.
Сербия президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтты.
«Алтын Қыран» орденін ерекше құрметпен қабыл алдым. Бұл марапат маған өзара байланыстарымызды арттыру және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ортақ істе зор жауапкершілік жүктейді. Келешек ұрпақтың игілігі үшін Сербия мен Қазақстанның достығы нығая беруіне тілектеспін», — деді Вучич.



