Саясат

ӘҚБтК-ге енгізілген өзгерістер: құқық бұзушылықтарды тіркеу толық цифрландырылады

12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа түзетулерге сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтау мен тіркеу заманауи техникалық құралдар және мемлекеттік деректер базалары арқылы жүзеге асырылатын болады.

Ішкі істер органдары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында алдын алу шараларын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп.  Қабылданып жатқан шаралар ең алдымен тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және қоғамдық орындар мен тұрғын үй аумақтарында қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

12 наурыздан бастап «Цифрлық кодекс» аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл түзетулер технологиялық даму мен мемлекеттік процестерді цифрландыру қажеттілігіне байланысты қабылданған.

Жаңашылдықтың басты мақсаты – заманауи техникалық құралдарды пайдалану арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін күшейту. Айта кету керек, жаңа тыйымдар енгізілмейді. Бұрыннан бар талаптарды тіркеу және анықтау тәсілдері ғана жетілдіріледі.

Мәселен, бұған дейін рөлде отырып телефон қолдану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау деректері тек полиция қызметкерлерінің қатысуымен анықталса, енді мұндай құқық бұзушылықтарды арнайы техникалық құрылғылар автоматты түрде тіркей алады. Яғни заң нормалары өзгеріссіз қалады, тек бақылау тетіктері жаңарады.

Осы уақытқа дейін автоматты режимде алты түрлі құқық бұзушылық тіркелетін: жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу, озу қағидаларын бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Ал өзге құқық бұзушылықтар тек инспектордың қатысуымен рәсімделетін.

Енді құқық бұзушылықтарды тіркеудің үш тәсілі қарастырылған. Біріншісі – қолданыстағы бейнебақылау камералары. Екіншісі – арнайы өлшеуді қажет етпейтін бұзушылықтарды анықтай алатын автоматтандырылған жүйелер (мысалы, рөлде телефон пайдалану немесе белдікті тақпау). Үшіншісі – Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен біріктірілген мемлекеттік деректер базалары.

Бұл жүйе техникалық байқаудан өтпеу, сақтандыру полисінің болмауы, қару сақтау рұқсаты мерзімінің аяқталуы секілді бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заңнамада ескерту қарастырылған жағдайларда жүйе автоматты түрде ескерту жасай алады.

Бұған дейін мұндай деректерді анықтау үшін полиция қызметкерінің қатысуы және хаттаманы қолмен толтыру талап етілетін. Енді процестер барынша автоматтандырылып, құқық бұзушылықтарды тіркеу тетігі цифрлық форматқа көшіріледі.

«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында таралған автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Бұл жүйелер тек көлік жүргізушілері тарапынан жасалған жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтауға арналған. Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ауыр зардаптардың тәуекелін төмендетуге бағытталған. Цифрлық шешімдерді қолдану қауіпті мінез-құлықты дер кезінде анықтауға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алуға мүмкіндік береді», – деді ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Back to top button