Синоптиктер Zakon.kz порталына Алматыда ақпанның соңғы күндері мен наурыздың басында қандай ауа райы күтілетінін айтып берді. Болжамға сәйкес, көктем мегаполисте қар мен суықтан басталады, алайда алдағы демалыс күндеріне қарай ауа температурасы біртіндеп жылынады.
Қазгидромет РМК-ның Алматы және Алматы облысы бойынша филиалының жетекші инженер-синоптигі Светлана Аманқұлованың мәліметінше, 28 ақпан мен 6 наурыз аралығында қалада ауа райы құбылмалы болады.
28 ақпанда қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде -7…-9°С, күндіз -3…-5°С шамасында сақталады. 1-2 наурыз күндері жауын-шашынсыз болғанымен, түнде -10…-12°С-қа дейін суытады, ал күндіз +3°С-қа дейін жылынады.
3-6 наурыз аралығында жауын-шашын аралас түрге ауысады: түнде қар, күндіз жаңбыр жаууы ықтимал. Осы кезеңде күндізгі ауа температурасы +8°С-қа дейін көтеріледі. Сонымен қатар тұман, көктайғақ және екпінді жел күтіледі.
Бұған дейін синоптиктер 28 ақпанда еліміздің сегіз қаласында ауа сапасы нашарлауы мүмкін екенін де ескерткен еді.



