2026 жылғы 28 ақпандағы мәліметке сәйкес, Иран аумағында 96 Қазақстан азаматы бар. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлады. Аталған ақпаратты Qandastar.kz сайты сілтеме жасап жариялады.
Ведомствоның ақпаратынша, олардың 18-і – дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, 2-еуі – студент, 70 адам “Заркух” зауытында еңбек етеді. Сонымен қатар, 6 қазақстандық Иранда жеке мақсатпен жүргені белгілі болды.
Министрлік шетелдегі мекемелердің ел азаматтарымен тұрақты байланыста екенін атап өтті. Қазіргі уақытта қазақстандықтар арасында зардап шеккендер туралы дерек түспеген.
Айта кетейік, 2026 жылдың 28 ақпанында Иран аумағында жарылыстар тіркелді. Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац әуе соққылары Израильге төнген қауіп-қатерлерді жоюға бағытталғанын мәлімдеді. Шабуылға АҚШ-тың да қатысы бар екені айтылып, кейін Дональд Трамп видеоүндеу жариялап, кең ауқымды операция басталғанын хабарлады. Сондай-ақ Air Astana Таяу Шығысқа қатынайтын барлық рейстерді уақытша тоқтатқанын мәлімдеді.


