ІІМ Шымкент қаласында аса ірі көлемдегі алаяқтық пен бопсалау фактілеріне қатысты заңсыз әрекеттердің жолы кесілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz. Бұл туралы дерекке сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.
Полицияның мәліметінше, күдікті алаяқтық жолмен шамамен 2,5 млн АҚШ долларына бағаланған бизнесті иемденген. Ол есеп айырысуды криптовалютамен (биткоинмен) жүргіземін деген сылтаумен компания мен оның мүлкін өз атына рәсімдеуді ұйымдастырған.
Заңды рәсімдер аяқталғаннан кейін бұрынғы иесіне криптоәмиянға қол жеткізу үшін жалған ақпарат берілген, алайда іс жүзінде төлем жасалмаған.
Осыдан кейін күдікті жағдайды пайдаланып, экс-иесіне компанияда оған қатысты әшкерелейтін материалдар бар екенін айтып, оларды таратпау үшін 250 мың АҚШ долларын талап еткен.
Жедел іс-шаралар барысында күдікті талап етілген соманың 150 мың АҚШ долларын алу кезінде ұсталды.
Қазіргі уақытта алаяқтық және бопсалау деректері бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.



