Саясат

Қазақстан елшілігі Ирандағы азаматтарға қауіпсіздік шараларын күшейту туралы ескерту жасады

Қазақстанның Ирандағы елшілігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Иран аумағында жүрген немесе тұрақты тұрып жатқан азаматтарға қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынды. Дипломатиялық өкілдіктер жедел байланыс желілерін ашып, азаматтарды ресми ақпаратты қадағалап, қажет болған жағдайда консулдық көмек алуға шақырды. Сонымен қатар аймақтағы әуе және шекаралық шектеулерге байланысты қосымша ескертулер жасалды.

Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы елшілігі қазіргі уақытта ел аумағында жүрген қазақстандықтарға үндеу жариялап, қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін ескертті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Бұл туралы дерекке сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.

Дипломатиялық өкілдік Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты азаматтарға адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, ресми ақпарат көздерін қадағалап отыруға және маңызды емес сапарларды кейінге қалдыруға кеңес берді. Сондай-ақ азаматтарға жеке құжаттарын өзімен бірге алып жүру, төтенше жағдайларға дайын болу және елшілікпен тұрақты байланыста болу ұсынылды.

Осы мақсатта Тегеран, Горган және Бендер-Аббас қалаларындағы консулдықтар тәулік бойы жұмыс істейтін жедел байланыс нөмірлерін іске қосты. Азаматтар аталған байланыс арналары арқылы консулдық көмек сұрап, өз жағдайы туралы хабарлай алады.

Бұған қоса, Ирандағы әуе кеңістігі мен кейбір шекаралық бағыттарға қатысты шектеулерге байланысты елшілік Иран – көрші мемлекеттер арасындағы құрлықтық шекара арқылы шығу мәселесін алдын ала пысықтауды ұсынды.

Айта кетейік, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ирандағы азаматтарға жағдай тұрақталғанға дейін бұл елге барудан уақытша бас тартуды ұсынған еді. Сонымен қатар аймақтағы әскери және саяси ахуалға байланысты әуе қатынасына шектеулер енгізілгені хабарланды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button