Әлеумет және қоғам

Қазақстанда автомобиль көлігімен жүк тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізілді

ҚР Көлік министрінің 2026 жылғы 28 ақпандағы бұйрығымен автомобиль көлігі арқылы жүк тасымалдау қағидаларына түзетулер енгізілді. Жаңартылған құжатта жүктерді жеткізу мерзімі, тиеу-түсіру талаптары, жылдам бұзылатын және халықаралық жүктерді тасымалдау тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерге шағымдану рәсімі нақтыланған. Бұйрық 2026 жылғы 3 мамырдан бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2026 жылғы 28 ақпандағы бұйрығымен автомобиль көлігі арқылы жүк тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп.

Құжат «Автомобиль көлігі туралы» заңның 13-бабы 23-9 тармақшасына және «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапты қызметтер туралы» заңның 10-бабы 1 тармақшасына сәйкес әзірленген.

Жаңартылған қағидалар автомобиль көлігімен жүк тасымалдау тәртібін, сондай-ақ «Жылдам бұзылатын азық-түлік өнімдерін халықаралық тасымалдау туралы келісімге және осы тасымалдауға арналған арнайы көлік құралдарына сәйкес берілетін куәлік» мемлекеттік қызметін көрсету рәсімін айқындайды.

Қағидаларда:
– жүкті жеткізу мерзімі;
– тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі;
– тауар-көлік жүкқұжаты мен жол парағын пайдалану талаптары;
– тиеу және түсіру орындарына қойылатын талаптар;
– жүкті қабылдау, өңдеу, сақтау және жеткізу рәсімдері;
– жылдам бұзылатын және жарияланған құны бар жүктерді тасымалдау тәртібі;
– жүктерді таңбалау және пломбалау;
– актілерді рәсімдеу;
– шарттарды өзгерту немесе бұзу;
– жүкті ұстап қалу;
– жекелеген жүк түрлерін тасымалдау;
– халықаралық тасымалдауда жылдам бұзылатын жүктерге арналған көлік құралдарын тексеру және оларға қойылатын талаптар қамтылған.

Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау, оның ішінде экспресс-жүктерді жеткізу, ҚР Азаматтық кодексі, «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдар және тасымалдау қағидалары негізінде жүзеге асырылады.

Ал халықаралық жүк тасымалдау халықаралық келісімдерге, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу кодексіне», қауіпті жүктерді тасымалдау ережелеріне және рұқсат беру жүйесіне сәйкес жүргізіледі.

Сонымен қатар, тиеу-түсіру пункттеріне қойылатын талаптар нақтыланған. Атап айтқанда, кешкі және түнгі уақытта жарықтандыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге және қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс.

Түзетулер мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты шағымдану тәртібін де нақтылайды. Шағым жоғары тұрған әкімшілік органға, лауазымды тұлғаға немесе мемлекеттік қызмет сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

Қызмет көрсетуші немесе шағым жасалған лауазымды тұлға өтініш түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде шағым мен әкімшілік істі тиісті органға жолдауы тиіс. Егер осы мерзім ішінде талаптар толық қанағаттандырылса, шағымды жолдамауға болады.

Қызмет көрсетушіге берілген шағым 5 жұмыс күні ішінде, ал мемлекеттік қызмет сапасын бағалау және бақылау органына түскен шағым 15 жұмыс күні ішінде қаралады.

Заңнамада өзгеше көзделмесе, сотқа жүгіну үшін алдымен сотқа дейінгі тәртіппен шағым қаралуы қажет.

Бұйрық 2026 жылғы 3 мамырдан бастап күшіне енеді. Кейбір нормалар 1 шілдеден бастап қолданылады.

Back to top button