Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық манежінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U17 және U20 жас санаттары бойынша Қазақстан чемпионаты аяқталды. Он күнге созылған жарысқа елдің барлық өңірінен 1 200-ден астам жас балуан қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Биылғы чемпионат ел күресінің тарихында ерекше жаңалықпен өтті. Алғаш рет жүлдегерлерге қаржылай сыйақы берілді. Бұған дейін күрес түрлерінен өтетін Қазақстан чемпионаттарында мұндай сыйақы қарастырылмаған еді. Биыл жалпы жүлде қоры 60 миллион теңгені құрады. U17 жас санатында чемпион атанған спортшы 300 мың теңге алса, күміс жүлдегерге 200 мың, қола иегеріне 100 мың теңге табысталды. Ал U20 санатында бірінші орын алған балуан 500 мың теңгеге ие болды, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 150 мың теңге берілді. Бұл бастама жас спортшыларға ғана емес, өңірлердегі бапкерлер мен спорт мектептеріне де үлкен қолдау болды.
Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы Дамир Бекбосыновтың айтуынша, қаржылай ынталандыру тек U17 және U20 санаттарымен шектелмейді. Федерация жас ерекшеліктері бойынша өтетін барлық негізгі Қазақстан чемпионаттарының жүлдегерлерін жүйелі түрде қолдауды жоспарлап отыр.
– Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасовтың қолдауымен биыл Қазақстан чемпионаттарына жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын жүлде қоры қарастырылды. Мысалы, U15 жас санатының жеңімпазы 200 мың теңге алса, U17 санатында – 300 мың, U20 және U23 санаттарында – 500 мың теңге, ал ересектер арасындағы чемпиондарға 1 миллион теңге беріледі. Бұл спортшылар мен жаттықтырушыларға көрсетілген нақты қолдау. Осындай бастамалар чемпионаттардың деңгейін көтереді деп сенеміз, – деді Дамир Бекбосынов.
Чемпионат қорытындысы өңірлік күрес мектептерінің әлеуетін де көрсетті. Грек-рим күресінен U17 санатында жалпыкомандалық есепте Алматы облысы 130 ұпаймен бірінші орын алды. Абай облысы 105 ұпаймен екінші, Шымкент қаласы 93 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. U20 санатында да Алматы облысының балуандары 131 ұпаймен көш бастады. Екінші орынды Шымкент қаласы (115 ұпай), үшінші орынды Ақтөбе облысы (104 ұпай) иеленді.
Әйелдер күресінде U17 санатында Алматы қаласының құрамасы 137 ұпаймен топ жарды. Түркістан облысы 108 ұпаймен екінші, Жетісу облысы 94 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. Ал U20 санатында Алматы қаласының спортшылары 177 ұпай жинап, көш бастады. Түркістан облысы 144 ұпаймен екінші, Алматы облысы 113 ұпаймен үшінші орынға ие болды.
Еркін күрестен U17 санатында Шымкент қаласының құрамасы 128 ұпаймен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Абай облысы 119 ұпаймен екінші, Алматы қаласы 118 ұпаймен үшінші болды. Ұпай айырмасының аз болуы өңірлер арасындағы бәсекенің жоғары деңгейде өткенін көрсетті. U20 санатында Алматы қаласы 177 ұпаймен бірінші орынға шықты. Түркістан облысы 130 ұпаймен екінші, Алматы облысы 108 ұпаймен үшінші орынды иеленді.
Жарыс барысында спортшылардың табандылығы мен техникалық шеберлігі де арнайы аталымдар арқылы бағаланды. «Қайсар рух» жүлдесі күрес үстінде қайсарлық танытқан балуандарға берілді. Бұл аталым еркін күресте өнер көрсеткен Айбек Қалияхметке (79 кг, Алматы облысы), әйелдер күресінде чемпион атанған Динара Дауылқызына (53 кг, Астана қаласы) және грек-рим күресінде жеңіске жеткен Дияр Аманәліге (55 кг, Шымкент қаласы) табысталды.
Ал «Дара тәсіл» аталымы ерекше техникалық шеберлігімен көзге түскен спортшыларға берілді. Еркін күрестен Әділет Манап (79 кг, Алматы облысы), грек-рим күресінен Еркебұлан Әнапия (82 кг, Алматы облысы) және әйелдер күресінен Назым Мұрат (65 кг, Абай облысы) осы марапатқа ие болды.
Сондай-ақ чемпионаттың әділ өтуіне үлес қосқан төрешілер де назардан тыс қалмады. Әйелдер күресінен Ксения Дробина, грек-рим күресінен Александр Грудин және еркін күрестен Талғат Мырзабек үздік төрешілер ретінде арнайы сыйақымен марапатталды.
Жалпы, он күнге созылған чемпионат медаль иегерлерін ғана емес, болашақта ел намысын қорғайтын жаңа буынды да айқындады. Бозкілемде өнер көрсеткен жас балуандардың техникалық деңгейі мен қайсар мінезі олардың халықаралық ареналарда бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.



