
Дубайдағы элиталық Fairmont The Palm тұрғын үй кешені маңына зымыран құлап, өрт шығуы Қазақстан қоғамында күтпеген талқылауға түрткі болды.
Себебі дәл осы кешенде Қазақстан азаматтарына тиесілі 97 пәтер бар екені белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде бұл мүліктердің нақты иелері кім деген сұрақ қызу талқыланды.
Бейресми мәліметтерде аталған ауданда бұрынғы өңір басшылары мен экс-ведомство жетекшілерінің туыстары баспаналы болуы мүмкін екені айтылуда.
Осы жағдайға байланысты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Бас прокуратураға ресми депутаттық сауал жолдауға ниетті екенін мәлімдеді.
Депутаттың сөзінше, мәселе тек қауіпсіздікке қатысты емес, активтердің заңдылығы мен қаржының шығу тегіне байланысты.
«Бұл баспаналар қандай қаражатқа сатып алынған? Бұрынғы мемлекеттік қызметшілердің шетелде осындай активтерге иелік етуге құқығы болды ма? Осыған құқықтық баға берілуі керек», – деді ол Мәжіліс кулуарында.
Саиров бұл жағдайға моральдық тұрғыдан да баға беріп, ел басқарған тұлғалардың шетелде тұрақтап қалуын «адамшылыққа жат» әрекет деп атады.



