Саясат

Мәжіліс алимент өндіруді жеңілдететін хаттаманы ратификациялады

Депутаттар Минск конвенциясына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы мақұлдады. Жаңа түзетулер шекарааралық жағдайда алимент өндіру тетігін күшейтіп, балалардың құқықтарын қорғауды арттыруға бағытталған.

2026 жылғы 4 наурызда Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастарға қатысты конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды ратификациялады. Құжаттар қарау үшін Сенатқа жолданды. Мәліметті Zakon.kz-ке сілтеме жасап Qandastar.kz жариялады.

Заң жобасын ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Оның айтуынша, 1993 жылғы 22 қаңтардағы Минск конвенциясы аясында Қазақстан шетелдік сот шешімдерін, соның ішінде алимент өндіру туралы актілерді мойындап, орындауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, қатысушы мемлекеттердің сот органдарына тиісті өтініштер жолдайды. Тәжірибе бұл тетіктің сұранысқа ие әрі тиімді екенін көрсетіп отыр: алимент өндіру жөніндегі өтініштердің басым бөлігі қанағаттандырылады.

Жаңа хаттаманың басты жаңалығы – кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот қаулылары мен сот бұйрықтарын сот актілерінің ресми тізіміне енгізу. Бұл оларды конвенцияға қатысушы елдердің аумағында мойындап, мәжбүрлі түрде орындатуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құжатта мәжбүрлеп орындау туралы сот бұйрықтарын жолдау тәртібі біріздендіріліп, қажетті құжаттар тізімі нақтыланады. Міндеткердің тиісті түрде хабардар етілгенін растау талабы енгізіледі. Егер бұл талап орындалмаса, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуға қосымша негіз қарастырылады. Бұл процессуалдық кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Депутат Динара Наумова хаттама шекарааралық жағдайларда алимент өндірудің тиімділігін арттырып, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтетінін атап өтті.

Мәжілістің профильдік комитеті ратификация құжатты іске асыру әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкелмейтінін және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат талап етпейтінін мәлімдеді.

Back to top button