Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани АҚШ-пен болған қарулы қақтығыс кезінде 500-ден астам америкалық әскери қызметкер қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.
Лариджани бұл туралы Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялаған. Оның айтуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың саясаты салдарынан АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарды Иранмен арадағы әділетсіз соғысқа тартқан.
«Нетаньяхудың ақылсыздығы мен агрессивті әрекеттерінің кесірінен Трамп америкалықтарды Иранмен соғысқа араластырды. Бірнеше күннің ішінде 500-ден астам америкалық сарбаз қаза тапты. Енді ол өзіне «Ең алдымен Америка» деген ұранның мәні қалды ма, әлде ол «Ең алдымен Израиль» дегенге айналды ма деген сұрақ қоюы керек», – деп жазды Лариджани.
Сонымен қатар Иранның Қызыл жарты ай ұйымы 28 ақпаннан бері АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан қаза тапқан ирандықтардың саны 940 адамға жеткенін хабарлады.
Еске салайық, 2026 жылдың 28 ақпанында Иран аумағында бірнеше жарылыс болғаны туралы ақпарат тараған. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац әуе шабуылдары Израильге төнген қауіп-қатерлерді жою мақсатында жасалғанын мәлімдеді. Кейін бұл операцияға АҚШ-тың да қатысы бар екені айтылды. Көп ұзамай АҚШ президенті Дональд Трамп бейнеүндеу жасап, кең көлемді әскери операция басталғанын жариялады. Сонымен қатар Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыс бағытындағы барлық рейстердің уақытша тоқтатылғанын хабарлаған.



